Версия для слабовидящих

Ұлт өнері ұлықталған күн

Ұлт өнері ұлықталған күн

Бұл концерттік бірлестіктің Арқада ғана емес, республика бойынша абырой-беделі биік. Тарихы 1938 жылдан басталған қа­рашаңырақта Қали Бай­жанов, Жүсіпбек Елебеков, Ма­­ғауия Хамзин, Нұғыман Әбішев, Зәбира Жұбатова, Ра­хия Қойшыбаева сынды қазақ өнерінің мұзжарғыштары һәм алыптары, дегдар дарындары қызмет еткен. Қай-қайсын алсаңыз да, бір-бір аңыз. Тамырын тереңге жайған, діңгегі жуан халық өнерінің бәйтерегі іспетті. Бірлестік тарихының басында тұрған алғашқы буын соғыс кезінде ат-арбамен ауылдарды аралап, концерттер берген деседі. Үлкен ұжым болып тек 1950 жылы қалыптасқан. Сол кезеңде бірлестік жетекшісі Қали Байжановтың өзі болған. Содан бері төрткүл дүниені шарлап, жаһан тыңдармандарын тамсандырып келеді. Америка мен Еуропа жұртына да қазақ әуенін танытты. Қытайдың 35 қаласына гастрольмен барып, 5 мыңдық залдағы көрерменді орнынан тұрғызған. Соңынан аңыз ерген бірлестіктің мерей­тойына келген халықтың қарасы қалың болды. Аяулы тыңдарман өнерпаздарын тамашалау үшін залға қарай асыға басып бара жатты. Концерттің шымылдығы әдеттегідей оркестрмен ашылған жоқ. Бірлестіктің тойы қазақтың арғы-бергі тарихын баяндайтын қойылыммен басталды. Тарих беттерінде алтын сиямен жазылған сәттер айшықталды. Классикалық әндер шыр­қалды. Кең залдың ішін ұлы рух кернеді. Бастаудан кейін облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынға сөз берілді. Ерлан Бейсембайұлы концерттік бірлестікті мерейтойымен құттықтап, өнерпаздарға ыстық ілтипатын жеткізді.

Ерлан Құсайын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың құттықтауын жеткізіп, сыйлығын табыстады. Аймақ басшысы концерттік бірлестікке жаңа автокөлік сыйлады. Сонымен қатар, Парламент Мәжі­лісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов пен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаевадан да құттықтау хат жетті. Құдайберген Бексұлтанов өз хатында «Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік – білім мен ғылымның, тәрбие мен тағылымның, бастысы, өнердің алтын ордасы саналатын шежірелі шаңырақ. 85 жылдық мерейтойы құтты болсын!» депті. Ал, Аида Балаеваның хатында «Қазақ ұлттық өнерін кәсіби биікке көтеріп, Қали Байжанов, Жүсіпбек Елебеков, Мағауия Хамзин сынды майталмандар еңбек еткен қасиетті қарашаңырақтың біз үшін қашан да орны бөлек. Өнер ұжымы көп жылдардан бері сайын дала Сарыарқаның киелі топырағындағы төл туындыларын, шығармашылық жетістіктерін ел назарына ұсынып, қоғамның рухани-мәдени өмірінің дамуына сүбелі үлес қосып келеді» делінген. Мерейлі белеске көтерілген өнер ұжымын облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов құттықтап, халық қалаулыларының ыстық ықыласын жеткізді. Одан бөлек, Қазақстанның түпкір-түпкіріндегі филармония ұжымдары да өз құттықтауларын жолдаған. Мерейтойлық концертте берілген марапаттар мен наградаларда есеп болмады. Өнер үшін ширек, тіпті, жарты ғұмырын арнаған өнерпаздардың омырауында төсбелгілер жарқырады. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің құрамында 500-ге жуық өнерпаз бар. Тәттімбет және симфония, джаз оркестрлері, «Аққу» фольклорлық-хореографиялық ансамблі, «Арқа са­зы», «Мерей», «Әуен», «Арай» ансамбльдері – Арқаның ғана емес, бүтін бір қазақ халқының беткеұстар мақтанышы. Қазақтың жайсаңдығы, жұмсақ кө­ңілі, кемеңгерлігі, дархандығы – шертпе күйінде. Ал, асаулығы мен батырлығы, қайтпас қайсарлығы – төкпеде. Биіктігін, ұлылығын әуелеген классикалық әнінен сезінесіз. Бір сөзбен айтқанда, өнер – ұлттың болмысы. Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік 85 жыл бойы ұлттық рухтың алауын үрлеп, отын маздатып келеді.

Ерік НАРЫН,

Суреттерді түсірген Светлана КУДЕРИНОВА

Ortalyq.kz