Версия для слабовидящих

Өнері өнегемен сабақтасқан

Өнері өнегемен сабақтасқан

Әнші сахнаға шыққанда рух та бірге көтерілгендей күй кештік. Жақан сері кештің шымылдығын сұңқар Сәкеннің «Тау ішінде» әнімен ашты. Сұңқар көңіл шарықтап, көз алдында даланың асқақ таулары көлбеңдеп, жазираның жұпары келді. Әннің тілін білетін, қанына әуез сіңген қадірменді тыңдарман тыпыршып сала берді. «Қызыл асық» шырқалғанда кең залдың ішін қиқу басып кетті. Домбыра да өзіндей сөйледі. Әнші де домбыра боп күмбірледі. Жақан сері – виртуоз. Ақжарма тілектің көшін облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов бастады.

– Сіз кешегі даланың қасиетін бойына сіңірген көшпендінің рухын шарықтатып жүрген дара тұлғасыз. Сіз Арқаға ғана емес, бүтін бір Алашқа құрметтісіз. Арқадағы ән мектебін қалыптас­тырған ұстазсыз. Салған жолыңызда небір дарындар күркіреп жүр. Классикалық әннің сәулелі саңлағысыз. Сізді мақтан тұтамыз. Жасай беріңіз, – деді Бауыржан Асанов.

Ағалар Жақсыкелді Кемаловқа «мұз жарғыш кеме» деген атақ берген. Себебі, сексенінші жылдары қазақтың классикалық әнін жаңа белеске шығарған дарындардың, қайраткерлердің бірі – Жақан сері. Біржан сал, Ақан серілердің жалғасы. Аристократ, әннің академигі. Кешті жүргізген ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов өткен күннің естелігін айтты.

– Мәдениет сарайының алдыңғы қатарында абыз ақсақал Жайық Бектұров отырушы еді. Сол Жәкең ақсақал Жақсыкелдіні сахнадан түсірмейтін. Күш-қуаты тая бастаған әлсіз қолын қайта-қайта көтеріп: «Әй, Жақан, «Еділ мен Жайықты шырқашы» деп қоңыр үнімен қарлыға дауыс­тайтын. Қоңыр домбыра күмбірлеп сала береді. Көз алдыңызға Жайықты жағалап келе жатқан Төлегеннің боз жорғасы елестейтін. Әсіресе, Жақан әнді бастамас бұрын домбырасын жорғалата шертіп, тыңдаушының жүрегін еріксіз баурап алатын, – деді Қойлыбай Асанов.

 

Кешке арнайы келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтаев пен Жанарбек Әшімжан да жылы лебіздерін білдіріп, ән дүлдүлінің иығына шапан жапты. Жабылған шапан мен тартылған гүлде есеп жоқ. Ән аяқталған сайын залдағы тыңдарман сахнаға ағылып, сүйікті өнерпазына құрмет көрсетті. Жаңаарқа ауданының әкімі Қанат Қожықаев қуанышты жаңалығымен келген екен. Ұлттық рухтың жалауын желбіретіп жүрген Жақсыкелді Кемаловқа «Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы» атағы берілгенін жеткізді. Туған топырағынан жеткен жылы сәлем.

– Жақан аға, туған топырағыңыз Сізбен әрқашан мақтанады. Кешегі серілердің, дүлдүлдердің сынығысыз. Жаңаарқаға ғана емес, бүткіл қазаққа құрметті азаматсыз. Мынау жұрт қадір-қасиетіңізді біледі. Осы атақты табыстау мәртебесі маған бұйырды. Ауылдағы елдің ықыласын, сәлемін қабыл алыңыз, – деді Қанат Қожықаев. Кеште Алаштың аяулы ақындары, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Серік Ақсұңқарұлы мен Ғалым Жайлыбай лебіздерін өлеңмен жеткізді. Жақсыкелді Кемаловтың шә­кірттері шоқтығы биік классикалық әндерді шырқады. Ән кешінің нүктесін Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптарының оркестрі қойды. Жиналған жұрт Жақанын сахнадан түсіргісі келмей, ұзақ шапалақ соқты. Тамырында «Қызыл асық» тулаған талғамы биік тыңдарман хас талантқа осылай құрмет көрсетті. Ән – көзге көрінбейтін құдіретті, тылсым ғалам. Оны көзбен емес, жүрекпен көреді. Өнер «адамзаттың бәрін бауырым деп» сүйген көңілі, ниеті таза адамдарға ғана қонады. Жақан серіге ән қонған. Ол – ата-бабаның асыл аманатын арқалап жүрген дегдар дарын, қазақ әнінің корифейі.

 

 

Ерік НАРЫН, Орталық Қазақстан