Версия для слабовидящих

Әнге бөлеп Арқаны...

Әнге бөлеп Арқаны...

Біздің Сарыарқа жусанын жел тербесе жыр төгілген, қурайына құс қонса күй төгілген өңір. Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Иманжүсіптерден келе жатқан бұл дәстүр әлі де үзілген жоқ. Екі ғасырдың арасына алтын көпір болған, бабалар мұрасын бізге қаз қалпында жеткізуші, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жүсіпбек Елебеков атындағы дәстүрлі әндерді орындаушылардың VII республикалық конкурсы өз межесіне жетті. Арқа аспанында үш күн бойы ән қалықтады. Ән сүйер қауым қарашаның 15-жұлдызында «Саржайлау» кинозалында конкурстың ашылуын тамашал, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 32 үміткердің реттік нөмірлерін анықтайтын жеребе тарту рәсімін тамашалады. Айта кететін бір жайт бұл байқаудың өңірлік ауқымы жылдан жылға кеңеюде. Бұл жолы Маңғыстау, Атырау, Көкшетау, Жезқазған, Балқаш, Астана, Алматы және Қарағанды өңірінің қыздары мен жігіттері бақ сынады. Конкурстың әділ қазылар алқасы Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейірхан Адамбеков, Жақсыкелді Кемалов, Талғат Ыдырысовтардан құралса, қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның халық артисі, профессор Қайрат Байбосынов болды.  Конкурстың ашылу салтанатынан соң үміткерлер Ж.Елебеков атындағы І республикалық конкурстың бас жүлдегері Сержан Мұсайынның шығармашылық кешін тамашалады.

16-қараша күні «Шалқыма» концерт залында байқаудың І кезеңі өтіп, қазылардың шешімімен 17 үміткер іріктеліп алға шықты. 17-қараша күні ІІ-кезеңге өткен үміткерлер түске дейін өз өнерлерін ортаға салды. Осы жерде ескере кететін бір жайт бар.Іріктеу кезеңдеріне сауын айтып, көрермен шақырылмайды. Бірақ, тамашалаймын деген жанға есік ашық болады. Бұның басты себебі, конкурс шартында көрсетілген әндердің жиі қайталануы, көрермендердің жалығып кетпеуіне қатысты. Конкурс бойы тақымынқысып, балалары үшін, достары не болмаса туыстары үшінжанкүйерлік етіпжүрген жұрт 17-қарашаның кешінде «Шалқыма» залында тоқайласты. Жүсекең атындағы конкурстың жабылар сәті де келді. Қазылар алқасының төрағасы Қайрат ағамыз сахнаға шығып елмен амандасып, конкурс жайлы, ұстазы Жүсекең жайлы тебірене сөйледі. Қатысушылардың жүзінен толқу байқалады. Алдымен, алғыс хат алғандардың есімі аталды. Содан соң, конкурстың дипломанттары белгілі болды. Кеш жүргізушілері сахнаға Кеншілер мәдениет сарайының басшысы Жаролла Ақышев ағамызды шақырды. Жәкең сахнаға жақсы жаңалығымен шықты. КМС атынан  арнайы екі сыйлық тағайындалған екен. Жүсекеңнің қос шәкірті,  Жүсекеңнің телқозысы атанған Жәнібек Кәрменов атындағы және Қайрат Байбосынов атындағы сыйлықтар бұдан кейінгі конкурстарда дәстүрлі түрде тапсырылып тұратын болды. Сонымен, Астана қаласыныңатынан келген Сағатов Дәулеткелді Қайрекеңнің атындағы сыйлықты иемденсе, тағы бір астаналық қатысушы Сұлтан Тілеубеков Жәнібек атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанды. Сондай-ақ, осы конкурстың о баста қалыптасуына, қанатын кеңге жаюына үлкен күш жұмсаған Рымбала Кенжебалақызы Қазыбек бидің 350 жылдығына орай, конкурс барысындаөзіндік ерекшелігімен көзге түскен Маңғыстаудың маңғаз ұлы Әзімхан Баймағамбетовке Қазыбек би атындағыарнайы сыйлықты табыстады.

ІІІ орын үш адамға берілді:Атырау музыка колледжінің студенті Ідірбай Байбақты, Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер университетінің студенті Мейірхан Нұржан және конкурс тарихында сахнаға ең бірінші рет қобызбен шығып ән салған, Тәттімбет оркестрінің артисі,өзіміздің жерлесіміз Еркежан Садуақасова

ІІ орынды жаста болса қазылар алқасының көңілінен шыққан, «Конкурс жаңалығы» болған, небары 18 жасар Диас Мұратхан (Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясы, Алматы қ.) мен Аяулым Қамажан (Қазақ Ұлттық Өнер университеті) бөлісті.

Жеребеде бірінші нөмірді таңдаған Азат Әбдіғалым (Қазақ Ұлттық Өнер университеті) өзінің шын мәнінде біріншіге лайық екенін дәлелдеп бірінші орынды алса, ҚазақҰлттық Өнер Университетінің колледжінде ұстаздық жолын енді бастап жатқан Сырым Мұхамеджанов Бас жүлдені еншіледі.

 Мінекей, Елбасымыз айтып жүрген «Ұлтық код пен рухани жаңғыру» дегеніміз осындай келелі істердің жемісі болмақ. Түп тамырымыздан ажырамайық, ағайын!