Версия для слабовидящих

Сарыарқаны сұлу сазбен сусындатқан

Сарыарқаны сұлу сазбен сусындатқан

Ұжым музыканттарының орындаушылық шеберлігі мен кәсібилігі, жанжақты шығармалар тізбегі, республикалық және халықаралық сайыстарға қатысып, үлкен сахналарда өнер көрсетуі, толассыз ізденіс пен үлкен еңбек «Арқа сазы» ансамблін биік жетістіктерге жеткізді. Халықаралық «Шабыт» фестиваліне қатысып, лауреат атанды. Бірнеше жыл қатарынан Францияда, Швейцарияда өткен дәстүрлі халықаралық фольклорлық ансамбльдер фестивалінің тұрақты қатысушысы болды. 2015 жылы «Қазақ хандығының 550 жылдығы», 2017 жылы Қазыбек бидің 350 жылдығы, Халықаралық «EXPO-2017» көрмесі, 2018 жылы Жезқазған қаласы мен Ұлытау өңірінде болған «Жезкиік» халықаралық фольклор фестивалі сынды ауқымды шараларға «Арқа сазы» ансамблі қатысып, өнер көрсеткен еді.

«Арқа сазы» репертуарында негізінен көп жерде орындала бермейтін халық әндері мен күйлері, жергілікті композиторлардың шығармалары топтасқан. Абылайхан «Шаңды жорық», Ықылас «Жезкиік», Сүгір «Ыңғайтөк», Абай «Торжорға», Т.Жахин «Бабалар мекені – Алтай», А.Құдайбергенов «Көне Тараз күмбірі», А.Тәңірберген «Жорықта», А.Әлпекұлы «Жылқышы», Е.Үсенов «Ерден толғау», Тәттімбеттің «Сарыжайлау», «Бестөре» туындылары ұжымның орындауында халықтың жүрегінен орын алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Ансамбль домбыра, қылқобыз, жетіген, прима-қобыз, шертер, сыбызғы, сазсырнай, тоқылдақ, тұяқ сынды қазақ ұлттық музыка аспаптарының үндесуімен ерекше. Кең даланың қоңыр сазындай төгілген әуен қазақтың ғасырлар қойнауынан жеткен үніндей әсер қалдырады. Қазақстанның, көптеген шетелдің биік сахналарында өнер көрсетіп жүрген ансамбль құрамында Мәдениет саласының үздігі Ержан Базарбеков, халықаралық және республикалық конкурс лауреаттары Құрмаш Ыбышев, Ришат Шабденов, Гүлмира Тапай, Ердос Кәрібев, Дариға Хамза, Тілеужан Қордабаева, Арман Айнабаев, Алтай Үсенов және көптеген дарындар еңбек етеді.

Бүгінгі күні Мәдениет қайраткері Байғара Сәдуақасов жетекшілік ететін, Сарыарқаның әсем сазындай болған «Арқа сазы» фольклорлық ансамбліне 20 жыл толды. Бұл айтулы мерейтойға арналған концерттер мен іс-шаралар легі алдағы уақытта жоспарланып отыр.

Ал, 3 наурыз күні әнсүйер қауымды ансамбльдің «Көктем шуағы» атты үлкен шығармашылық кешінің қадірлі қонағы болуға шақырамыз!

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,

Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің редакторы