Версия для слабовидящих

Шәкірті – бұлбұл, ұстазы – дүлдүл

Шәкірті – бұлбұл, ұстазы – дүлдүл

Қарағанды аспанында ән қалықтады. Кеншілер мәдениет сарайында қазақ классикалық әнінің өкілі, республикалық байқаулардың лауреаты Ришат Шәбденовтің ән кеші өтті. Өнер саңлағының шығармашылық кеші «Халқымның қалықтатсам ән мұрасын…» деп аталды. Көңілдің ажарын ашатын бекзада өнерді тамашалауға келген қадірменді тыңдарманның қарасы қалың болды. Қазақ әнінің жарық жұлдызы, Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев – кештің құрметті қонағы.

Ришат Шәбденов – домбыраны қолына бала кезден серік еткен. Тума талант мектеп қабырғасында жүріп көзге түсе бастаған. Өнеріне тамсанған маңайдағы туған-туыс, дос-жаран жарқырайын деп тұрған бозбалаға кәсіби музыкалық білім алуға кеңес береді. Талапты һәм талантты бозбала Ришат 1996 жылы Жезқазған музыкалық колледжіне оқуға түседі. Содан кейін, білімін жетілдіру үшін Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваториясына аттанады. Ұлт өнерінің ұстаханасында 2000 жылдан 2004-ке дейін есімі елге мәшһүр Рамазан Стамғазиевтен тәлім алған. Кіл мықтылардан ән өнерінің қыр-сырын үйреніп келіп, 2005 жылы Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік құрамындағы «Арқа сазы» фольклорлық ансамбліне қабылданды. Қабырғалы өнер ұжымының қатарында жүріп республикалық байқауларға қатысқан. Атап айтсақ, Жүсіпбек Елебеков, Қасым Аманжолов, Дәнеш Рақышев және тағы да басқа тұлғалардың атындағы беделді конкурстардың лауреаты атанған. Биыл ұлттық өнерге қосқан үлесі еленіп, облыс әкімінің «Жылдың үздік әншісі» сыйлығын алды.

Әнші думанды кештің шымылдығын Әсет Найманбаевтың «Қоңыр қазымен» ашты. Қоңыр дауыс иесі өзін іздеп келген тыңдарманның алдында көсіліп сала берді. Манарбек Ержановтың «Қойшының әні» шырқалғанда, көз алдында жусаны желмен тербелген Арқаның байтағы көлбеңдеді.

Біршама ән айтылғаннан кейін құрметті меймандар сөз алып, жылы лебіздерін жеткізді. Шет ауданы әкімінің құттықтауын орынбасары Орал Зәмірбекұлы жеткізді.

Аудан әкімі Мұхит Мұхтаров өз хатында былай деп жазыпты: «Сізді туған өлкеңіз шежірелі Шет ауданы жұртшылығы атынан қазыналы Қарағанды қаласында ұйымдастырылған «Халқымның қалықтатсам ән мұрасын…» атты жеке ән кешіңіздің өтуімен шын жүректен құттықтаймыз! Сізді Біз ұлтымыздың бекзада өнері – дәстүрлі ән мұрасын дәріптеп, халық әндерін кейінгі буынға насихаттап жүрген күміс көмей, жез таңдай әнші, ұлағатты ұстаз, талантты жерлесіміз ретінде танимыз, әрі өнеріңізді жоғары бағалаймыз. Бүгінгі әсем ән кешіңіз тыңдарманыңыз­ға деген ыстық ықыласыңыз бен өрнекті өнер әлеміне деген адал ұстанымыңыздың тағы бір көрінісі деп білеміз» делінген.

Ән кешінде Ришат Шабденовтің ұстазы Рамазан Стамғазиев те әннен шашу шашты. Шәкіртіне ағалық тілегін де айтты.

– Бүгінгі ән кешіне келгеніме қуанып тұрмын. Өйткені, әр диқан өзі еккен дәнінің жайқалғанын, өскенін, өнгенін көргісі келеді. Ришат Шабденов те осыдан пәленбай жыл бұрын менен сабақ алып, қанатын қаққан еді. Бүгінде өнер өлкесінде көсіліп жүр. Шәкіртіме ұлы һәм қасиетті сапарда тек сәттілік тілеймін. Менің сыныбыма түскен шәкірттердің арасындағы бірегейі болды. Бүгінде өнерін сүйген халқына әнін арнап жатыр екен. Халқының батасы тисін! – деді Рамазан Стамғазиев.

Кеш иесі де халқының алдында ағы­нан жарылды. «Ұлы аманатты арқалап жүргенімді сеземін» деді әнші.

– Біздің асыл мұратымыз – ата-бабадан жеткен ұлы мұраны келешек буынға өз биігінде жеткізу. Сол үшін тынбай еңбек етіп келеміз. Қадірменді тыңдарман, ән деп соққан жүректеріңізден айналдым. Қазақтың өнері жасасын! Әніміз шарықтай берсін! – деді Ришат Шабденов. Кеш барысында әншіге шапан да, гүлде лек-легімен беріліп жатты. Бұл – өнерпазға деген халқының ыстық ықыласы.

 

Ерік НАРЫН, Ortalyq.kz