Версия для слабовидящих

Арқаны әнге бөлеген әсерлі кеш

Арқаны әнге бөлеген әсерлі кеш

Шалқыма концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, сазгер Дәуренбек Әркеновтің «Ән өлкесі – Сарыарқа» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш шымылдығы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің орындауындағы Ықыластың «Жезкиік» күйімен түрілді. Бұл кештің ерекшелігі – онда тек Дәуренбек Әркеновтің әндері орындалып, композитор ретіндегі қолтаңбасы анық көрінгендігінде. Сарыарқа – ән өнерінің берекелі бесігі. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Мәди, Әсет, Шашубай, Манарбектерден мұра болған қазақ әні барған сайын бауырын жаза Жүсіпбек Елебеков, Қайрат Байбосыновтармен жалғасты. Ұлттың бар кәусарын бойына жиған бұл құндылық – бүгінгі толқынға беріліп, өнер дейтін құдіреттің өшпейтін өміршеңдігін көрсетуден талған емес. Алтын бесік Ақтоғайда туып, Арқаның дүлдүл әншісіне, өзгеге ұқсамайтын шабысымен, шаршы топтың шын жүйрігіне айналған Дәуренбек Әркенов сол саңлақтардың жалғасындай. Сұрақ-жауап түрінде өткен сазды кеште Жанболат Башардың өлеңіне жазылған «Балқашым» әнін Нұрболат Ұзақбай, Қойлыбай Асанның өлеңіне жазылған «Аңсау» әнін Медет Осатаев орындады. Жан дүниеңді шалқытқан шаттықты немесе мұңайтқан мұңды, сезімнің жұмбақ сырларын тыңдарман талғамына сай музыка тілінде жеткізген сазгердің шеберлігі көрерменді бір серпілтті. Ақын Ілияс Мұқайдың өлеңіне жазылған кеш иесінің «Көріктім» әнін Нұрболат Ұзақбай, Қайрат Асқаровтың өлеңіне жазылған «Түнгі ауыл» әнін Азат Әбдіғалым мен Шыңғыс Сәрсенбай шырқады. Алғаш рет үлкен сахнада тұсауы кесіліп, тыңдарманға жол тартқан «Аяулы ана» әнінің сөзін Сұлтан Дәулетхан жазған. Оны Арайлым Жүкенова шырқады. Ал, Тілеген Әділовтің өлеңіне жазылған «Анаға сағыныш» әнін кеш иесі өзі орындаса, Айбек Бекбосыновтың «Толғау» күйін, Дайрабайдың күйін «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі күмбірлетті. Арқа даласын әнге бөлеген әсерлі кеш жұртқа ерекше көңіл күй сыйлағаны сөзсіз.