Версия для слабовидящих

Шарықта, қазақ әні!

Шарықта, қазақ әні!

Концерттің шымылдығы халық әні «Жиырма беспен» ашылды. Әнді дүлдүл әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов орындады. Жастық шақтың ауылынан алты қыр асқан тыңдарманның тұла бойын шымыр­латар ән бұл. «Жалған-ай, жиырма бес қайта айналып келмес маған!». Дүниенің тоқтамас, аялдамас керуені көз алдыңда көшіп бара жатады. Жай емес, кеудеңдегі сан мың өкініш пен арманның жанартауын оятып кетеді. Жанартаудан тасып шыққан ыстық жалын өзегіңді күйдірері сөзсіз. Күйіңнен жаңылдырар күйкі тірлікте бір сәт аялдап, аяу дегенді білмейтін қатал уақыт хақында тереңнен ой толғайсың. Қайран жалған…

 

Содан кейін Біржан салдың әні «Ләйлім шырақ» шырқалды. Республикалық ән байқауларының жүлдегері Гүлмира Тапай осы әнге төселген екен. Залдың ішін бір тылсым кезіп жүргендей күй кештік. Көзбен емес, жүрекпен ғана сезілетін ғаламат иірімдер. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов Ақан серінің «Қараторғайын» шарықтатты. Айта кетейік, «Ән керуен» жобасының авторы осы – Дәуренбек Әркенов. Ол былтыр қараша айында дәстүрлі әншілердің көркемдік жетекшісі болып тағайындалғаннан бастап осы жобаны қолға алған. Мақсаты – айқын.
 
– Бұл жобаның көтерер жүгі ауыр. Мәселен, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестікте орын шектеулі. Өнерпаздың бәрін ала бермейміз. Ал, қазақ ауылдарында, осы қаланың өзінде көзге түспей жүрген жас дарындар көп. Бәрінің сахнаға шыққанын қалаймыз. Өнерпаз сахнаға шықпаса қарайып қалады. Міне, осы жоба арқылы талай жұлдызды жағуға болады. Арқа өңірінде домбырамен ән шырқайтын асқақ дауысты таланттар өріп жүр. Мен біршамасын білемін. Соларды былтырдан бері сахнаға шығарып келеміз. Бір өнерпаздың жолы ашылса, жоба өз мақсатына жетті деген сөз. Одан бөлек, осы қазақ әні мен күйлерін насихаттау да – негізгі мақсатымыз, – деді Дәуренбек Әркенов.

Биылғы ән кеші ерекше форматта өтті. Бұл жолы ардагерлер қауымы сахнаға шығып сұхбат берді. Концерттік бірлестіктің тарихы мен кешегі өткен асылдардың ғұмырынан ғибрат айтылды. Ақадыр кентінен келген күйші, композитор Қуанышбек Бектұрсынов пен Тұңғышбай Игенбеков сахна төріне жайғасты. Концерттік бірлестіктің іргетасын қалаған Мұхит Битенов, Жабай Боғандықов, Қали Байжанов, Мағауия Хамзин, Мағауия Көшкімбаев, Алтын Әлиева, Мұқан Есупов, Жаңыл Картабаева, Қосымжан Бабақов, Забира Жұбатова жайында естеліктер мен айшықты оқиғалар тілге тиек болды.

Ерік НАРЫН,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ Ortalyq.kz