Жүсіпбек рухымен жүздескен күн
Байқаудың шымылдығы «Сарыжайлау» кинотетарында ашылды. Мұнда ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы қатысушылар мен тыңдармандарға баспасөз мәслихатын өткізді. Онда байқаудың негізгі ережелері мен талаптары түсіндірілді. Жас әншілерге бағасын беріп, тамашалауға құрметті меймандар да арнайы келді. Қадірменді қонақтардың көшін Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор, қазылар алқасының төрағасы Қайрат Байбосынов бастады. Қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды облысының Құрметті азаматы Рымбала Омарбекова мен Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Ғалым Мұхамедин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыкелді Кемалов және Жүсіпбек Елебековтің ұлы Естай Елебеков бар.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін айтулы байқауға Астана, Алматы, Шымкент, Тараз, Жетісу, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай, Ақмола облысы және тағы да басқа өңірлерден үміткерлер келді. Ән орындаушылар додасында қалыптасқан кәсіби әншілер төрелік етеді.
Бүгін байқаудың бірінші кезеңі «Шалқыма» концерт залында өтіп жатыр. Ақтық сынға шыққандар 4 қазанда 10:00 мен 14:00 аралығында байқау жүлдесін сарапқа салады. Дәл сол күні сағат 18:30-да жеңімпаздар марапатталып, соңы құрметті меймандар ән шырқайтын гала концертке ұласпақ.
Шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұйымдастырып отыр. Ауқымды шара 4 қазанға дейін жалғасады. Шара аясында «Жүсіпбек Елебеков» атты кітап жарыққа шыққан. Осы жолы Жүсекең туралы деректі фильмнің тұсауы кесілді.
Ерік НАРЫН, O
rtalyq.kz