Версия для слабовидящих

Жыр тиегі ағытылған кеш

Жыр тиегі ағытылған кеш

Атап айтсақ, жыраулық дәстүр – ұлттың өнер мен дәстүрдегі жоғары талғамын аңғартатын, өте ерте замандарда өмірге келіп, халықпен біте қайнаса, ұлттың ақыл-ойының бір көрінісі ретінде өмір сүре отырып, біздің дәуірімізге жеткен асыл өнер. Айтулы жыр кешін айтыстың дүлдүлі, қара сөздің хас шебері Тілеген Әділ жүргізіп, әрлі теңеу, дәмді сөздерімен нәр беріп отырды.

Аталған жыр кешінде Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары, қазақтың дәстүрлі өнерінің жарқын өкілдері және жас буын әнші-термешілер, ақындар өнер көрсетті.

Саф өнерді сарымайдай сақтауға жетелеген бұл кеште Бұқар жыраудың «Толғауын» «Айтыстың ақтаңгері» Дидар Қами, Ақтамбердінің «Толғауын» Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов, Иманжүсіптің «Толғауын» республикалық байқаулар лауреаты Құрмаш Ыбышев, Доскейдің «Хан кенесін» жас дарын Мұхтар Әділов, Сүйінбайдың «Ақыл-нақылын» халықаралық байқаулардың жүлдегері Гүлмира Тапай орындады.

Ал, жиылған жұрт «Әсет пен Кемпірбайдың қоштасуын» Ақан сері атындағы ән байқауының жүлдегері Қуандық Төкеновтің, Нұртуғанның «Қанекей, тілім сөйлеші!» жырын талантты әнші Мағжан Мыңбайдың, Соқыр қақпанның термесін Еркебұлан Ахметовтің орындауында тыңдады.

Осындай жыр алыптарының өміршең туындыларымен қатар, айтулы ақындардың жауһар шығармаларын да күміс көмей әншілер шыр­қап, кештің көрігін қыздырды. Нақтырақ айтсақ, Мәди Бәпиұлының «Үшқарасын» мәдениет саласының үздігі Ержан Базарбеков, Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» өлеңін Сырым Хордин, Мұқағали Мақатаевтың «Тоқта, балам, атаң келеді артыңда» өлеңін Медет Осатаев, Қайып Айнабековтің «Атаң болса, анаңмен» өлеңін Ришат Шабденов әуелете шырқады. Аймағымыздың мақтанышы, «Алтын домбыра» иегері Мақсат Ақанов «Ағайынның арасын» термесін нақышына келтіре айтса, Аяжан Акеева «Боларсың», Аленина Виктория Жакен Байтудың «Бөрі Батырын» орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Жеңіл-желпі әнсымақтар қаптап, елдің талғамына кері әсерін тигізіп жатқан кезеңде өткен бұл дүбірлі кеш, елдің асқақ рухын бір сілкігендей болды.

Жәлел ШАЛҚАР,

Ortalyq.kz