Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі

  • Ол 1988 жылы құрылған
  • 86 адам оркестрінің құрамы

1988 жылы облыс өмірінде ерекше оқиға болды. 25 адамнан тұратын қазақ халық аспаптары оркестрі бас дирижері Дүйсен Үкібайдың басшылығымен шаңырақ көтерді. Екі жылдан соң оркестрге шертпе күйдің атасы, ұлы күйші Тәттімбеттің есімі берілді. 1991-1994 жылдары бас дирижері Қ.Сайжанов болды. Ол оркестрдің шығармашылық деңгейінің және орындаушылық шеберлігінің өсуіне өз үлесін қосты.Оркестрдің алғашқы концерті 1988 жылы 9-шы желтоқсанда "Октябрь" концерт залында(қазіргі "Шалқыма") КСРО халық артистері Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаевтің және Шамғон Қажығалиевтің қатысуымен өтті. Оркестрдің тұңғыш тұсауын кескен КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Шамғон Сағаддинұлы Қажығалиев болды. 1992 жылы ол оркестрді басқаруға шақырылды. Маэстро аймақтың фольклорлық материалдарынан, қазақ, орыс және шетел классиктері мен ТМД және әлем елдері композиторларының шығармаларынан құрылған ерекше репертуар жасайтын жұмыс тұжырымдамасымен келді. Сөйтіп, Республикамыздың музыкалық тәжірибесінде тұңғыш рет «Абай» және «Қыз Жібек» операларының концерттік варианты қазақ оркестрінің сүйемелдеуімен сахнаға шықты. Өзінің жартығасырлық бай тәжірибесін ол өзіне сеніп тапсырылған ұжымның кәсіби мәдениеті мен орындаушылық шеберлігін арттыруға жұмсады. Ш.Қажығалиев сияқты тәжірибелі ұстазбен бірге жұмыс істеу дирижерлар Д.Үкібай мен Ә.Шоқанбаевтың шығармашылық өсуіне ерекше ықпал етті. 2000-шы жылдың қыркүйек айында оркестрге Академиялық атағы берілді. Оркестрдің сол кездегі бас дирижері Д.Үкібай 2001 жылы Бірінші Республикалық Ш.Қажығалиев атындағы дирижерлар конкурсында лауреат атанды. 2006 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды. Кәсіби деңгейі биік музыканттар: Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Құрманғазы атындағы Республикалық конкурстың лауреаты Ғ.Болтаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Республикалық конкурстың лауреаты Б.Тәшімов, Құрманғазы атындағы Республикалық конкурстың лауреаттары,Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Б.Смағұлов, Қ.Ғабделов, М.Ыбыраева, С.Ізтілеуов, Е.Куспанов, республикалық конкурстардың лауреаттары Е.Оспанханов, Б.Қасымова, С.Рахымғалиева, Н.Таңатар, А.Қыдырбек, Қ.Омаров,Ә.Сәрсенбаев, С.Құлғалиев т.б. және ұжым мүшелерінің жоғары шығармашылық деңгейі мен ұйымшылдығы оркестрдің өсуіне ықпал етіп, оның «Академиялық» құрметті атақ алуына көп үлес қосты. Оркестр АҚШ, Франция, Швейцария, Швеция, Чехия мен Словакия, Иран, Ирак, Түрік, Ресей, Оңтүстік Корея т.б. елдерде гастрольдік сапарда болып, өнер көрсетті. 2011 жылдың аяғында Германиядағы Қазақстан елшілігінің шақыртуымен оркестр Германияның бірнеше қаласында болып қайтты. Оркестрдің бас дирижері және көркемдік жетекшісі Ерлан Бақтыгерей. Бақтыгерей Ерлан Әбдінәбиұлы 1985-1996 жылдар аралығында А.Жұбанов атындағы республикалық дарынды балалар мектебінде оқыды. 1996-2001 жылдар аралығында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік Консерваториясына түсіп, дирижер мамандығын алып шықты. Ұстазы-ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы ОБТ бас дирижері және көркемдік жетекшісі Нұрлан Жарасов. 2004-2008 жылдары Назиб Жиганов атындағы Татар мемлекеттік консерваториясының аспирантурасында дәріс алды. Ұстазы- Ресей, Қазақстан, Татарстан мемлекеттерінің Халық әртісі, академик, профессор, Татар мемлекеттік симфониялық оркестрінің бас дирижері, көркемдік жетекшісі, Ресей Ұлттық Үлкен театрының дирижері Фуат Мансуров 2001-2003ж.ж. күйші Секен Тұрысбековтың «Ақ жауын» камералық оркестрінің дирижері (Астана қ.). 2003-2008ж.ж. Астана мемлекеттік филармониясының қазақ халық аспаптар оркестрінің дирижері. 2004-2008 ж.ж. Татарстанның «Татарика» халық аспаптары оркестрінің және студенттік симфониялық оркестрінің дирижері қызметін атқарды. 2008-ші жылдан бері Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігінің Тәттімбет атындағы Академиялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі, симфониялық оркестрінің дирижері қызметінде.

Оркестр 2012-ші  жылдың шілде айында Омбы қаласында өткен Ресейдің халық артисі А.Цыганков атындағы Бүкілресейлік фестиваль-конкурстан І орынды иемденіп, лауреат атанып келді.