«Қош келдің, Наурыз!»

2021 жылдың 19 наурызы күні «Шалқыма» концерт залында Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған «Қош келдің, Наурыз!» атты концерті өтті.

Концерт залының холлында көрермендерге арналған фотоаймақ, ұлттық зергерлік бұйымдар көрмесі, сонымен қатар Наурыз-көже мен бауырсақ және де тағы басқа ұлттық тағамдар ұсынылды.

Мерекелік бағдарламада халық композиторлары мен қазіргі заман композиторларының шоқтығы биік туындылары шырқалды. Кешті Тәттімбеттің «Көш жанаған» және Бөрі Исананың «Наурыз тойы» күйлері ашты. Республикалық конкурстардың лауреаттары – Ришат Шәбденов халық әндері «Қымыз құйғыш» пен «Ал, жаным-ай», Қайрат Омаров Төлепберген Тоқжановтың «Көшпенділер» күйін, халықаралық конкурстардың лауреаты Арайлым Жүкенова Ә.Молдағайыновтың «Аяулым, арманымдай асылым ең», «Көзіңнің мөлдірін-ай» халық әнін, Гүлмира Тапай Назгүл Таңатардың «Сарыарқа» әні мен халық әні «Жас келін»-ді, Меруеш Башай Талғат Сарыбаевтың «Наурыз – думан» әнін, «Мерей» триосы – Медет Осатаев, Төлеген Сармутдинов және Ершат Қонақбаев «Қазақ елі» әндерін тарту етті. Ал оркестр өз кезегінде Ахмет Жұбанов «Қазақ маршы», М.Тінәлин «Наурыз күйі», Мереке Құсайынов «Наурыз», Тоғжан Жахин «Бабалар мекені – Алтай» туындыларын орындады. Концерт бойы көрермендерге қазақтың халық әндерінен құралған музыкалық викториналар және салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа байланысты сұрақтар жасырылып, ойын-сауық ретінде интерактивті жұмыс жасалды. Сонымен қатар, концерт жарнамасында алдын-ала көрермендер арасында ұлттық киімнің озық үлгісіне сайыс жарияланған болатын.

Барлық жеңімпаз көрермендерге жеті тағам салынған «киіз үй» қорабы мен Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Жақсыкелді Кемаловтың үнтаспаларына қоса, Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік жайында жазылған кітап пен оркестрдің суреті салынған жылдық күнтізбе салынған қоржын сыйға тартылды.

Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев. Жүргізуші – Мейрамгүл Кәріпжанова.