Қарағандыдағы жұлдыздар аллеясында Мейірхан Адамбековтің есімі жарқырады
2021 жылдың 19 қазаны күні Қарағанды қаласындағы Орталық демалыс саябағындағы "Шахтерлар даңқы" алаңында "Жұлдызды белгінің" ашылуы өтті. "Жұлдыздар аллеясына" бұл күні ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Арқа дәстүрлі ән мектебінің бірегейі Мейірхан Адамбековке арналған белгі орнатылды. М.Адамбековтың атақты шәкірттері, замандастары, өнердегі ізбасарлары, жерлестері жиналып, қазақтың аяулы ұлын тебірене, сағынышпен еске алды. Шара соңы қазақ дәстүрлі ән мектебінің жарық жұлдыздары, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері мен мәдениет қайраткерлерінің қатысуымен болған өнер кешкіне ұласты. Сахнаға Рамазан Стамғазиев, Айбек Нығызбаев, Ардақ Исатаева, Жақсыкелді Кемалов, Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркенов сынды ән дүлдүлдері шығып, өнерін халыққа паш етті.