Видеорепортаж. «Анаға сәлем» халықаралық әйелдер күніне арналған концерт
2021 жылдың 7 наурызы күні «Шалқыма» концерт залында Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің Халықаралық әйелдер күніне арналған «Анаға сәлем» атты концерті өтті. Мерекелік бағдарламада аналарға, аруларға – барша нәзік жанды қыз-келіншектерге арналған туындылар шырқалды.
Кешті Д.Нұрпейісованың «8 март» және Б.Ғаламаттың «Аналардың арманы» күйлері ашты. Халықаралық конкурс лауреаттары – А.Дәулетбаева Н.Тілендиевтің «Әжеме», А.Жүкенова мен Г.Серікқызы Е.Хасанғалиевтің «Асыл арман», Д.Аханов М.Магомаевтың «Мелодия», Ч.Биксионың «Мамма», Меруеш Башай «Тақиялы періште» к/ф-нен А.Зацепиннің «Мама», М.Омаровтың «Анашым», ҚР еңбек сіңірген қайраткері Т.Ыдырысов орыс халық әні «Ах, ты душечка!» мен Е.Хасанғалиевтің «Анаға сәлем» әндерін тарту етті. Халықаралық конкурс лауреатры А.Аужанова Е.Брусиловскийдің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балетінен Adagio, ҚР еңбек сіңірген қайраткері П.Тәшімов Е.Үсеновтың «Анама» шығармаларын орындаса, ал оркестр өз кезегінде Ж.Гарваренцоның «Вечная любовь», К.Караевтың «Семь красавиц» балетінен «Вальс», Е.Доганың «Розовый вальс любви» туындыларын ойнады. Концерт бойы анаға деген махаббат пен сүйіспеншілік, құрмет пен ыстық сезім толассыз төгілді. Көрермен залында отырған нәзік жандылар мереке қарсаңында жасалған сыйлыққа алғыс айтып, қошеметтерін білдірді.
Дирижер – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей. Жүргізуші – Мейрамгүл Кәріпжанова.