Аншлаг пен үлкен жетістік

Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі (Қарағанды) мен «Аманат» ансамблінің (Нұр-Сұлтан) тынымсыз жұмысының нәтижесі аншлаг пен орасан жетістікке жеткізді!
С.Сейфуллин атындағы драма театрының сахнасында 9 ақпан күні үлкен табыспен өткен концерттік бағдарлама репертуардың сан алуандығымен, ерекше костюм әрі театр элементтерімен, музыкалық және аудио - визуалды құралдардың синтезделуімен, көрермендермен тікелей қарым-қатынас жасаумен, музыканттардың шеберлігі мен дирижердің экспрессиясымен ерекшеленді.
Бағдарламада қазақ, орыс, еуропа композиторларының: А.Жайым, Г.Свиридов, Х.Янни, Д.Уильямс, Х.Циммер... шығармалары орындалды.
Әлеуметтік желілерде концерттің жарнамасын белсенді жүргізген блогерлер мен оркестрдегі туған күн иелерін құттықтап, оларға сыйлық тарту етілген сәт – көрерменнің көңілінен шықты, зор қошемет көрсетілді.
Кеште өнер көрсеткен музыканттар мен бар ынта-ниетімен ұйымдастыруға, жарнамаға атсалысқан Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік қызметкерлерін концерттің сәтті өтуімен құттықтаймыз!
Жаңа шығармашылық табыстар мен өнерге жанашыр көрермен тілейміз!