«Түркі тілдес елдердің санқырлы бояуы»

Биыл түркі тілдес елдердің Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Бұл айтулы мерекеге орай өтетін іс-шаралар легі 25 ақпан күні Түрікменстанның астанасы Ашхабат қаласынан бастау алды. «Түркі тілдес елдердің санқырлы бояуы» атты онлайн концерт-конференция өтіп, әр елдің өнер қайраткерлері құттықтау сөз сөйледі. ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымының құрамына кіретін – Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан елдерінің халық аспаптар оркестрлері өнер көрсетті.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі түрікменнің «Дурды бахши» шығармасын орындаса, ал «Қорқыт» этно-ансамблі «Көк түріктер» шығармасын тарту етті. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің басшысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Талғат Ыдырысов құттықтау тілегін жеткізіп, Тәттімбет атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі Н.Халмаммедовтың «Дутар» шығармасы мен Құрманғазының «Серпер» күйін орындады.
Онлайн концертке қатысқан әр өнер ұжымы әуелі түрікмен шығармасын, одан кейін өз елінің атақты бір туындысын тарту етіп отырды. Бұл – бауырлас халықтың достығы мен бірлігінің нышаны. Ашхабат шаһарынан бастау алған мереке, Тәуелсіздіктің мерейіне арналған шаралар легі бауырлас елдердің төрінде кезегімен жалғасын таба бермек.