IV Халықаралық «Струны Сибири» халық аспаптар оркестрі фестивалін Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі (Қарағанды) ашты

Фестиваль Новосибирск қаласында 25 ақпан күні басталды.
Жергілікті филармония ғимаратында Қарағанды оркестрінің концерті аншлагпен өтті!
Қазақстаннан келген ұжымның концертін тек жергілікті сібір халқы ғана емес, сонымен бірге қала қонақтары, қазақ диаспорасының өкілдері, Новосибирск қаласында оқитын қазақстандық студенттер де тамашалады. Новосибирск пен жалпы аймаққа жаңалық болған, фестивальдің ашылуында өткен қарағандылық өнер ұжымының концертін халық зор қошеметпен қабыл алды!
"Струны Сибири" фестивалінің алғашқы үш жылы аймақ көлемінде өткен еді. Биыл Қазақстан мен Белоруссия (Жинович атындағы Ұлттық академиялық халық оркестрі) қатысқандықтан, фестиваль халықаралық атына ие болды.
Ресейдің атынан бұл фестивальге Тува ұлттық оркестрі, Орыс камералық оркестрі (Барнаул), А.Ю.Бардин атындағы Красноярск филармониясының орыс оркестрі, Новосибирск филармониясының орыс академиялық оркестрі қатысты.
"Струны Сибири" фестивалі 28 ақпанға дейін жалғасады. Бағдарламада оқу-білім саласы – новосібірлік студенттермен шығармашылық кездесу жоспарланған.